АҚШ президенті Дональд Трамп Украинаға қатысты кез келген бейбіт келісім аясында Вашингтон елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектесетінін мәлімдеді. Бұл туралы ол дүйсенбі күні Киев басшысы Владимир Зеленскиймен кездесуде айтты, деп хабарлайды Juzmedia.kz Reuters-ке сілтеме жасап.
Ақ үйдегі саммитке Трамп, Зеленский және бірқатар еуропалық одақтастар қатысты. Кездесу алдында Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен Аляскада сөйлескен еді. Ол келіссөз барысында «қауіпсіздік мәселесінде көмек көп болады» деп атап, Еуропа елдері де бұл процеске тартылатынын жеткізді.
Зеленский АҚШ-тың уәдесін «үлкен алға қадам» деп бағалады. Оның айтуынша, алдағы 7–10 күн ішінде қауіпсіздік кепілдіктері қағаз жүзінде рәсімделмек. Сонымен бірге Украина АҚШ қару-жарағын шамамен 90 млрд долларға сатып алуға дайын екенін мәлімдеді.
Дегенмен, нақты бейбіт келісімге қол жеткізу әлі алыс сияқты. Ресей Сыртқы істер министрлігі НАТО әскерін бейбіт келісімді қамтамасыз ету үшін орналастыруды бірден жоққа шығарды. Ал Трамп пен Зеленский болса, алдағы уақытта Путинмен үшжақты кездесуді ұйымдастыруға үміт артып отыр.
Еуропа лидерлері де Вашингтонға арнайы барып, Киевке қолдау білдірді. Франция президенті Эммануэль Макрон мен Германия канцлері Фридрих Мерц кез келген келіссөздің алдында атысты тоқтату шарт екенін айтты. Ал Трамп болса, «соғысты тоқтатқан жөн, бірақ бейбіт келісімге соғыс жүріп жатқанда да келуге болады» деген ұстанымын жеткізді.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, Путин мен Зеленскийдің екіжақты кездесуі алдағы екі аптада Венгрияда өтуі мүмкін.