homepage
Фото: AFK.kz

Астанада үш дроппер сотталды

18.08.2025, 14:55

Астанада қарт адамдарды алдап, олардың қаржысын жымқырған үш дропперге сот үкімі шықты, деп хабарлайды Juzmedia.kz Астана қаласы прокуратурасына сілтеме жасап.

Тергеу барысында анықталғандай, олар Telegram мессенджері арқылы белгісіз куратормен байланысып, алдын ала сөз байласып әрекет еткен. Қылмыстық топ қарт адамдарға қоңырау шалып, жақын туыстары жол апатына ұшырағанын айтып, «жол-көлік оқиғасынан зардап шеккендерге көмек» сылтауымен ақша талап етеді.

Осылайша жәбірленушілерден 14 млн теңгеден астам қаржы жиналып, қылмысты ұйымдастырушының шотына аударылған. Ал түскен соманың бір бөлігі дропперлердің өзіне қалады.

Олардың екеуі шетел азаматы болып шықты. Олар алған ақшамен елден кетпек болғанда Алматы халықаралық әуежайында ұсталды.

Мемлекеттік айыптаушы сотта бұлтартпас айғақтарды ұсынып, айыпталушылардың аса ірі көлемдегі алаяқтыққа қатысы бар екенін дәлелдеді. Зиян келтірілген материалдық шығын толығымен өтелді.

Сот үкімімен үш кінәлі 2 жылға бас бостандығынан айырылды.

Айта кетейік, заң бойынша мұндай қылмыс үшін мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.