homepage
Фото: Қорғаныс министрлігі

Қазақ армиясында жасанды интеллект бөлімшесі құрылды

18.08.2025, 11:29

Қазақстан Қарулы күштері құрамында жасанды интеллектті дамытуға арналған арнайы бөлімше ашылды, деп хабарлайды Juzmedia.kz. 

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, жаңа бөлімше әскери басқаруды автоматтандыру, үлкен деректерді талдау, жедел сценарийлерді модельдеу және шешім қабылдау жылдамдығын арттыру үшін жасанды интеллект шешімдерін әзірлейді.

«Жасанды интеллектті армия қызметіне енгізу – жаңғырту жолындағы маңызды қадам. Бұл қорғаныс саласындағы әлемдік үрдістерге толық сәйкес келеді», – деді министр, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов.

Бөлімше отандық және халықаралық ғылыми-зерттеу орталықтарымен, жетекші университеттермен және IT-компаниялармен бірлесіп жұмыс істемек. Бұл тәсіл әскери салаға озық әзірлемелерді енгізіп қана қоймай, жасанды интеллектті әскери қолданудың ұлттық мектебін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, офицер-талдаушылар мен цифрлық технология мамандарын даярлау қолға алынады. Жаңа басқару архитектурасы ұлттық қорғаныстың тиімділігін, қауіпсіздігін және тәуелсіздігін күшейтуді көздейді.