homepage
Фото: polisia.kz

Жеті айда 20 мыңнан астам есірткі сайты бұғатталды – ІІМ

18.08.2025, 10:41

Ішкі істер министрлігі «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында есірткі қылмысына қарсы жұмысты жалғастыруда. Polisia.kz-тің хабарлауынша, биылғы жеті айда есірткіге қатысты 4655 құқықбұзушылық тіркелген. Оның 2100-і ауыр және аса ауыр қылмыс санатына жатады деп хабарлайды Juzmedia.kz.

ІІМ мәліметінше, ұйымдасқан қылмыстық топтарды құру және басқару деректері бойынша 24 қылмыстық іс қозғалып, үш трансұлттық топтың жолы кесілген. Бұл істер бойынша 12 басшы мен 48 белсенді қатысушы ұсталды. Сондай-ақ халықаралық серіктестік аясында Ресеймен бірлескен операция кезінде синтетикалық есірткі өндіруге қатысы бар, іздеуде жүрген күдікті қолға түсті.

Жалпы, жыл басынан бері 11 тоннадан астам есірткі айналымға түспей, тәркіленген синтетикалық зат көлемі үш есеге артып, бір тоннадан асқан. Сонымен қатар 322 есірткі өсіру фактісі мен 76 контрабанда дерегі анықталды.

«Жаңа цифрлық шешімдердің арқасында жастар жиі кіретін 20 мыңнан астам есірткі сайты бұғатталды. Сондай-ақ шоттарында 2,5 млрд теңге бар 38 мың банк картасы бұғатталып, 102 зертхана жойылды. Есірткі бизнесіне жалпы сомасы 110 млн АҚШ долларына тең шығын келтірілді», – деді ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының міндетін атқарушы Данияр Мейірхан.