Енді ата-аналар балаларын бір мектептен екінші мектепке eGov.kz электронды үкімет порталы арқылы онлайн түрде ауыстыра алады деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Бұл қызмет тұрғылықты жеріне қарамастан кез келген білім беру ұйымын таңдауға мүмкіндік береді. Өтінішті рәсімдеу үшін бұрынғыдай есептен шығару құжаттарын немесе жеке іс қағаздарын тапсырудың қажеті жоқ.
Қызметті алу үшін ата-ана немесе заңды өкіл порталға тіркеліп, «Білім» → «Орта білім» бөліміндегі «Балаларды мектептен мектепке ауыстыру» қызметін таңдап, өтінішті толтырып, электронды цифрлық қолтаңбамен (ЭЦҚ) қол қояды. Нәтижені Жеке кабинет арқылы көруге болады.
Айта кетейік, өтініш беруші оқу тілін өзі таңдай алады және қажет болған жағдайда өтінішін қайтарып алу құқығына ие.