homepage
Фото: REUTERS/Dawoud Abu Alkas

ХАМАС: Израильдің газалықтарды көшіру жоспары – жаңа геноцид

18.08.2025, 09:03

Палестинаның ХАМАС қозғалысы Израильдің Газа тұрғындарын оңтүстікке көшіру бастамасын «геноцид пен жер аударудың жаңа толқыны» деп бағалады деп хабарлайды juzmedia.kz.

Ұйымның айтуынша, Израиль шатырлар мен уақытша баспаналарды «гуманитарлық көмек» деген желеумен орнатпақ, бірақ бұл – «айқын алдау» және «алдағы қылмысты бүркемелеу әрекеті».

Израиль әскері болса, көшіру жоспары «бейбіт тұрғындардың қауіпсіздігі үшін» жасалып отырғанын мәлімдеді. Жаңа операция Газа қаласының солтүстігінде басталуы мүмкін. Бұл өңір – анклавтағы ең ірі орталық әрі 2,2 миллионға жуық адам тұратын аймақ.

Қақтығыс 2023 жылдың 7 қазанында ХАМАС-тың Израильдің оңтүстігіне жасаған шабуылынан басталған еді. Израиль билігінің дерегінше, сол күні 1 200 адам қаза тауып, 251 адам кепілге алынған. Қазіргі таңда Газадағы 50-ге жуық тұтқынның шамамен 20-сы ғана тірі болуы мүмкін.

Израильдің қарымта соққылары мен әскери операциясы 61 мыңнан астам палестиналықтың өмірін қиды, деп хабарлайды Газа денсаулық сақтау министрлігі. Бұдан бөлек, халықтың басым бөлігі босқынға айналып, аймақта аштық дағдарысы тереңдеп отыр.