homepage
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Алматы облысының спорт басқармасын Ақжүрек Таңатаров басқаруы мүмкін

17.08.2025, 19:50

ҚР Туризм және спорт министрлігі Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы лауазымына ұсынылған кандидатураға келісім берді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Министрлік жанындағы өңірлік спорт басқармаларының басшыларын тағайындау жөніндегі комиссияның кезекті отырысында Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері, Жамбыл облыстық №7 мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Ақжүрек Таңатаровтың кандидатурасы қаралды.

Комиссия мүшелері үміткердің спорттағы кәсіби тәжірибесін, басқарушылық қабілетін және өңір спортын дамытуға қатысты ұстанымын жан-жақты саралап, оң қорытындыға келді.

Өңірлік спорт басқармаларының басшыларын жергілікті атқарушы органдар ұсынғанымен, тағайындау тек ҚР Туризм және спорт министрлігі жанындағы комиссияның мақұлдауынан кейін жүзеге асырылады.

Айта кетейік, Алматы облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының бұрынғы басшысы Айбол Құлбаев пара алды деген күдікке ілінген болатын.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, ол Олимпиадалық резервтің мамандандырылған республикалық мектеп-интернатының директоры қызметін атқара жүріп, жеке кәсіпкерден мемлекеттік сатып алу келісімшартын жасау үшін 8 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінді. 24 сәуірде сот санкциясымен қамауға алынған.