Жақында ғана Президентке ашық хат жолдаған кәсіби боксшы Ангелина Лукас Спорт күні қарсаңында «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісін иеленді. Марапат елордада өткен спорт саласының үздік мамандарын ұлықтау рәсімінде табысталды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Салтанатты жиында Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов спорт ардагерлері мен мамандарын кәсіби мерекемен құттықтап, олардың ел спортының дамуына қосқан үлесін атап өтті.
«Спорт – тек халықаралық аренадағы жетістіктер ғана емес, сонымен қатар жаттықтырушылардың, мамандардың және осы саланы дамытуға үлес қосып жүрген барша азаматтың еңбегі. Дәл сіздердің жанқиярлық пен кәсібиліктің арқасында Қазақстан спорт алпауыты ретіндегі беделін нығайтып келеді», – деді министр.
«Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісіне Ангелина Лукастан бөлек қазақ күресі мен грек-рим күресінің жаттықтырушылары, спорттық медицина мамандары мен спорт инфрақұрылымында еңбек етіп жүрген бірқатар мамандар лайық деп танылды. Сонымен қатар бірнеше адамға «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі берілді.
Айта кетейік, жуырда Ангелина Лукас әлеуметтік желіде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жариялап, өзіне қарсы ақпараттық шабуылдар жасалып отырғанын айтып, қолдау сұраған еді. Бүгінгі марапат спортшының еңбегінің ресми мойындалуы ретінде бағаланып отыр.