Қарағандыда полиция мен құтқарушылар әкесімен жанжалдан кейін балконға шығып, қолындағы бензин құйылған бөтелкемен өзін де, пәтерді де өртемек болған 40 жастағы ер адамды құтқарып қалды деп хабарлайды Juzmedia.kz polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
“102” арнасына хабарласқан тұрғын оқиғаны дер кезінде жеткізген. Оқиға орнына жеткен полиция мен төтенше жағдай қызметі аумақты қоршауға алып, подъездегі шамамен 40 адамды эвакуациялады. Мас күйіндегі азамат тәртіп сақшыларының заңды талаптарына бағынбай, балағат сөздер айтып, келіссөздерден бас тартқан.
Полиция департаменті бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыров оны берілуге бір сағаттан астам үгіттегенімен, нәтиже болмаған. Жағдай ушыға түскен соң арнайы жасақ шақырылып, олардың бір жауынгері үшінші қабат балконы арқылы пәтерге кіріп, өрт қоюға жол бермей, ер адамды залалсыздандырды. Қазір ол психоневрологиялық диспансерге орналастырылды.