Қазіргі таңда елімізде жанар-жағармай бағасы қайтадан қымбаттап жатыр. Жыл басында бензин мен дизель отынының бағасын мемлекеттік реттеу күші жойылған болатын. Бүгінде бұл нарықты тек сұраныс пен ұсыныс айқындайды. Осы орайда Juzmedia.kz тілшісі Қазақстан мұнай сервистік компаниялары одағының төралқа төрағасы Рашид Жақсылықовпен бағаның өсу себептері мен оның салдары туралы сұхбаттасты.
– Рашид мырза, қазір бензин бағасы қайтадан құбылып жатыр. Бұл жағдайдың басты себебі неде деп ойлайсыз? Халықтың алаңдаушылығы қаншалықты орынды?
– Негізінде бүгінгі болып жатқан жағдай ертерек басталуы керек еді. Біз он жыл бұрын-ақ мұнай өнімдерінің бағасы бір күні еркін нарыққа жіберілетінін, баға өсетінін айтып жүргенбіз. Бірақ сол кезде министрлік пен басқа да құзырлы органдар қолдан келгенше оны тоқтатуға тырысты.
Алайда экономика өз заңымен жүреді. Нарықта «әлеуметтік жауапкершілік» деген ұғым жоқ, ол өте қатаң жүйе. Бүгінде сыртқы факторлар бізді бензин бағасын еркін нарыққа жіберуге мәжбүрлеп отыр. Оның үстіне біздегі дефицитті көбіне Ресей жауып келген.
Бірақ соңғы айларда Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына Украина тарапынан шабуыл жасалып, бірнеше ірі зауыт істен шықты. Бұл міндетті түрде тапшылыққа әкеледі, ал тапшылық бағаның көтерілуіне әсер етеді. Қазірдің өзінде Ресейде 95 маркалы бензин тапшы. Қазақстанға да бұл құбылыс жетіп отыр.
Мысалы, жақында Алматыдан келе жатып, жол бойында 95-тің жоқ екенін көзіммен көрдім: Балқаш маңында жанармай құю бекеттерінде ұзын-сонар кезек тұрған машиналар болды. Демек, тапшылық бізге де жетті, сондықтан баға біртіндеп өсіп жатыр.
– Өткен жылы Энергетика министрлігі бағаны мемлекет емес, нарық реттейтінін мәлімдеді. Бұл қадамды қалай бағалайсыз?
– Бұл шешім, әрине, дұрыс. Бірақ кеш қабылданған шешім. Біз тәуелсіздік алғаннан бері жоспарлы экономикадан бас тартып, нарықтық жүйеге өттік. Нарықтық экономикада бағаны мемлекет емес, нарық белгілейді.
Ұзақ уақыт бойы әлеуметтік жауапкершілік үшін мемлекет жанар-жағармай бағасын бақылауда ұстады. Бұл белгілі бір кезеңде дұрыс болды, себебі халықтың әлсіз топтарын қорғау қажет еді. Бірақ әлемдік нарық бізді бәрібір еркін бағаға қарай итермелеп отыр. Егер бағаны қолдан ұстап тұрсақ, біздегі бензин көршілерге қарағанда ең арзан болар еді.
Мұның салдары қандай?
Қырғызстаннан, Өзбекстаннан, тіпті Қытайға баратын жүк көліктері бізден арзан жанармай сатып алады. Бұл тағы да тапшылық туғызады. Тапшылықтың салдары қымбатшылықтан да ауыр.
Мәселен, жақында егін науқаны басталады. Егер жанар-жағармай жетіспесе, онда он сегіз–жиырма миллион тонна бидайымызға қауіп төнеді. Бұл тек астыққа ғана емес, жалпы халықтың тұрмысына әсер етеді: нан қымбаттайды, жедел жәрдем жұмысы қиындайды, тасымал да қымбаттайды. Сондықтан мемлекет амалсыздан нарық заңына көніп отыр.
– Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі. Бұл ұйым аясында жанар-жағармай бағасына қатысты келісімдер бар ма?
– Иә, бар. Біз 2016–2017 жылдары-ақ ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің жанар-жағармай бағасы 2024 жылы теңеседі деп келісім жасағанбыз. Сол келісімді орындауымыз керек.
Бірақ кейін пандемия, Украина–Ресей қақтығысы сияқты факторлар бұл процесті уақытша тоқтатты. Қазір де жағдай белгісіз. Әлемдік саясаттағы әрбір өзгеріс бізге де әсер етеді.
Мысалы, Ресейдің өзі соңғы уақытта бензинді сыртқа сатуды шектеп отыр. Егер осындай ірі елдің өзі ішкі нарықты қорғау үшін қатаң шара қабылдаса, бізге де ойлануға тура келеді.
– Қазақстанның өз өндірісі бұл тапшылықты жаба ала ма?
– Өкінішке қарай, жоқ. Біз тәуелсіздік алғалы мұнай өндіріп келеміз, бірақ ішкі тұтыну ешқашан толық қамтамасыз етілген емес.
Қазір жылына 90 миллион тонна мұнай өндіреміз. Соның 70 пайызы экспортқа кетеді, ал ішкі нарыққа шамамен 9 миллион тонна қалады. Ал бізге кемінде 17–18 миллион тонна керек. Міне, осылайша тапшылық туындайды. Бұл бос орынды Ресей толықтырып отырған. Бірақ қазір олардың өзінде жағдай қиындап тұр.
Ал егер біздің үш ірі мұнай өңдеу зауытымыздың бірі тоқтап қалса, тапшылық одан сайын күшейеді. Зауыттардың жұмысы күрделі жөндеуді, тұрақты инвестицияны талап етеді.
Соңғы жылдары бұл зауыттарға 5 миллиард доллардан астам қаржы салынды. Бұл ақша инвесторлардың қаражаты, оны қайтаруымыз керек. Яғни бағаны тым төмен ұстасақ, зауыт өзін-өзі ақтай алмай қалады.
– Халықтың ең үлкен уайымы – бағаның күрт қымбаттап кетуі. Бұған қатысты пікіріңіз қандай?
– Иә, түсінемін. Бірақ бағаны негізінде нарық өзі реттейді. Қазір біздегі баға көршілермен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Мысалы, Қырғызстанда АИ-92 – 380-385 теңге шамасында, Ресейде де сондай.
Шекарамыз ашық, күн сайын мыңдаған көлік қатынайды.Сол шекарада бензинді қымбаттатып, өз ішімізде арзандатсақ, көрші халық ақымақ емес. Олар да бізге басқа бағытта дәл сондай амал қолданатын болады.
Оның үстіне біз Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болдық, транзитке тосқауыл қоюға құқығымыз жоқ. Сондықтан сырттан оқшауланып, “бізге арзан, сыртқа қымбат” деген саясат ұзаққа бармайды.
Егер біз бағаны жасанды түрде төмен ұстасақ, жанармайымыз сыртқа тасымалданып, ішкі нарық тапшылыққа ұшырайды. Ал оның зардабын бірінші кезекте өзіміз көреміз, зауыттар шығынға батады, инвесторлар кетеді. Сондықтан бағаны теңестіру ол – экономикалық қажеттілік.
Әрине, қымбаттауды ешкім қаламайды. Бірақ бағаны жасанды тежеп отырудың салдары одан да ауыр болады. Ең дұрысы нарыққа бейімделіп, халықтың табысын арттыруға күш салу керек.
– Бензин бағасы көбіне сыртқы факторларға тәуелді деп жиі айтасыз. Бұл тәуелділік қаншалықты терең?
– Өкінішке қарай, жанармай нарығы – өте әлсіз, сыртқы факторға қатты тәуелді сала. Біздің экономикамыз мұндай соққыға қарсы тұра алмайды. Мұны айту ауыр, бірақ факт – экономика әлсіз болса, мемлекет те қорғансыз қалады.
Біз қарсы амал қолданайық десек, түбі өзімізге тиіп жатыр. Себебі импортқа тәуелдіміз. Суға Қырғызстанға, тауарға Қытайға, жолға Ресейге қарап отырмыз. Осындай жағдайда «біз бәрін өзіміз шешеміз» деу – бос сөз.
Мәселе тек бензинде емес. Бүкіл экономикамыз көршілермен байланыста. Сондықтан олардан тәуелсіз болудың жалғыз жолы – өзімізден пара-пар өнім шығару, өзара тиімді алмасу жасау. Әйтпесе бізге керек дүниені тоқтатып қояды, ал бізде оған жауап ретінде ұсынатын балама жоқ. Міне, сондықтан біз өзімізді мықтымыз деп ойласақ та, шын мәнінде тәуелдіміз.
Бұл жерде басты мәселе – біздің ішкі жүйеміздегі әлсіздік. Жемқорлыққа бейімділік те содан шығады. Мемлекеттік қызметкер аз табыс тапса, амалсыздан арам ақшаға барады. Ал мұндай ортада халықтың да сенімі жоғалады.
Яғни мәселе тек бензиннің бағасында емес, жалпы экономиканың дұрыс құрылмауында. Бізге көршілермен тең дәрежеде сөйлесетін, өз өнімін ұсына алатын экономика қажет. Сонда ғана сыртқы фактордың қысымын азайта аламыз.
– Уақыт тауып, сұхбаттасқаныңызға рахмет.