Gallup жүргізген жаңа сауалнамаға сәйкес, АҚШ-тағы ересектердің жартысынан астамы орташа мөлшерде ішімдіктің өзі денсаулыққа зиян деп санайды. 2015 жылы мұндай пікірді тек 28% айтса, қазір бұл көрсеткіш 53%-ға жеткен, деп хабарлайды Juzmedia.kz Associated Press-ке сілтеме жасап.
Зерттеуде әсіресе 18–34 жас аралығындағы жастар ішімдікке күмәнмен қарайтыны анықталған. Жастардың үштен екісі «күніне бір-екі рюмкадан артық емес» деген тұтыну нормасының да денсаулыққа қауіпті екенін мойындайды. Дегенмен егде жастағылар арасында да пікір өзгерісі бар: 2015 жылы 55 жастан асқандардың тек 20%-ы алкогольді зиянды деп есептесе, қазір олардың жартысы сол пікірде.
Сауалнама нәтижесіне сай, ішімдік ішетіндердің үлесі соңғы 30 жылдағы ең төмен деңгейге түсті. Қазір америкалықтардың тек 54%-ы шарап, сыра немесе басқа ішімдіктерді тұтынатынын айтады. Бұл көрсеткіш 1939 жылдан бері жүргізілген бақылаулардағы ең төмен деңгейдің бірі болып отыр. Әсіресе жастар мен әйелдер арасындағы ішімдікке қызығушылық азайған.
Алкогольге байланысты күмәндердің артуына соңғы жылдары жиналған ғылыми деректер әсер етіп отыр. Бұрынғыдай жүрекке пайдалы деген түсінік жоққа шығарылып, дәрігерлер алкогольдің қатерлі ісікке әкелетін басты себептердің бірі екенін алға тартуда. Кейбір елдер ішімдік тұтыну жөніндегі ресми ұсыныстарын қысқартты. АҚШ-та да биыл жаңа тағамтану нұсқаулығы жарияланады деп күтілуде. Онда алкогольге қатысты талаптар қатаңдатылуы мүмкін.
Gallup мамандарының пікірінше, жастар бұл ақпаратты тез қабылдаса, жасы үлкендерге үйреншікті көзқарастан арылу қиындау. Дегенмен жалпы үрдіс – ішімдіктің зиянды екеніне сенімнің күшеюі және оның тұтыну деңгейінің төмендеуі бар екені шындық.