homepage
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Қазақстан халықаралық спорт ұйымдарымен байланысты күшейтуде

16.08.2025, 11:17

Ербол Мырзабосынов Халықаралық нысана көздеу федерациясының және Азия нысана көздеу конфедерациясының басшыларымен кездесті. Кездесу 16–30 тамызда Шымкентте өтетін Азия чемпионатының алдында өтті, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Кездесуге ISSF президенті Лучано Росси, ASC президенті шейх Салман Сабах әл-Салем әл-Хомуд ас-Сабах, Кувейт нысана көздеу федерациясының басқарма мүшесі д-р Недхал АльАсем және Қазақстан спорттық ату федерациясының бас хатшысы Олег Почивалов қатысты.

Бұған дейін ISSF президенті Лучано Росси Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен жүздесуінде Қазақстанда нысана көздеуді дамытуға айрықша назар барын атап өтті. Ол нысана көздеу мен стенд атуды қолдап, шетелдік әріптестік байланыстарды тереңдетуге әзір екенін білдірді.

ISSF мен ASC басшылары Президентке көрсеткен қолдауы үшін алғыс айтты, Мемлекет басшысы Лучано Росси мен шейх Салман Сабах әл-Салем ас-Сабахты II дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Ербол Мырзабосынов нысана көздеу спорты Қазақстанда басым бағыттардың бірі екенін айтты. Елде бұл спортпен 18 мыңнан астам адам шұғылданады.

Азия чемпионаты 16–30 тамыз аралығында Шымкентте өтеді. Додаға 26 елден 800-ге жуық спортшы қатысады. Іс-шараны Қазақстанның спорттық ату федерациясы Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен ұйымдастыруда.

Халықаралық спорт ұйымдарымен әріптестікті арттыру жөніндегі Президент тапсырмасын іске асыру аясында биыл жыл басынан бері Қазақстанға 19 халықаралық спорт федерациясы мен ұйымының басшысы келді.