homepage
Фото: AP/Джулия Демари Нихинсон

Путин мен Трамп Украина мәселесі бойынша мәмілеге келді ме?

16.08.2025, 10:55

16 тамызға қараған түні Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ президенті Дональд Трамп екіжақты тар форматтағы келіссөздерден кейін бірлескен баспасөз мәслихатын өткізді.

Кремль тарапы кездесуді қалай бағалайды?

Путиннің айтуынша, әңгіме конструктивті және өзара құрмет аясында өтті, мазмұнды әрі пайдалы болды. Ол АҚШ-пен көрші ел ретінде (Аляска арқылы тарихи байланыстарды еске алып) тату қарым-қатынас орнатудың маңызын атап өтті. Ресей АҚШ-тың Аляскадағы совет жауынгерлерінің зираттарына құрметпен қарағанына алғыс білдірді.

Кездесудің басты тақырыбы Украина болды. Путин украин халқын «бауырлас» деп атап, соғысты трагедия және ауыр қасірет деп сипаттады. Ол Трамптың «егер мен президент болсам, бұл соғыс болмас еді» деген сөзін растады. Ресей қақтығыстың түпкі себептерін жоюсыз тұрақты бейбітшілік орнамайтынын, Украинаның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге дайын екенін мәлімдеді.

Мәскеу бүгінгі келісімдер Украинада бейбітшілікке бастайтын алғашқы қадам болады деп үміттенеді және Киев пен Еуропа елдерін прогреске кедергі жасамауға шақырды.

Трамптың пікірі қандай?

Үш сағаттық келіссөзден кейін Трамп Вашингтонға ешқандай нәтиже шығармай оралды. «Келісім тек оған қол жеткізілген кезде ғана бар деп есептеледі», - деді ол келіссөз қорытындысында. Бұл сөзді олар Путинмен атысты дереу тоқтату жөнінде келісімге келе алмағанының мойындауы ретінде түсіндіруге болады. «Біз әлі оған келген жоқпыз», - деп қосты Дональд Трамп.

Кездесуден кейін Трамп Fox News арнасына сұхбат беріп, өз ұстанымын аздап нақтылады. Ол Путиннің «мәселені шешкісі келетінін», ал Ресей мен Украинаның мәмілеге жақын екенін айтты. Алайда бұл келісімнің нақты шарттары және Путиннің неге келіскені туралы Трамп ештеңе ашып айтпады.