homepage
Фото: AP Photo/Manish Swarup

Моди Пәкістанға ескерту жасады: «Ядролық бопсалауға төзбейміз»

15.08.2025, 17:51

Үндістан Премьер-министрі Нарендра Моди 78-ші Тәуелсіздік күні мерекесінде Пәкістанға қатаң ескерту жасады. Ол Үндістанға қарсы жаңа шабуылдар жасалса, көрші елге жауап соққы берілетінін мәлімдеді деп хабарлайды Juzmedia.kz Associated Press-ке сілтеме жасап.

Модидің айтуынша, Үндістан «террористер» мен оларды қолдайтындар арасында енді айырмашылық жасамайды және «ядролық бопсалауға» жол бермейді. Бұл мәлімдеме үш ай бұрын Үндістан мен Пәкістан арасында төрт күнге созылған, соңғы онжылдықтардағы ең ірі қарулы қақтығыстан кейін жасалды.

Сәуірде Үндістан бақылайтын Кашмирде қарулы шабуылдан 26 адам қаза тапқаннан кейін тараптар бір-біріне әуеден және артиллериялық соққылар жасады. Қақтығыс ондаған адамның өмірін қиды. АҚШ-тың араағайындығымен 10 мамырда бітім жасалды.

Пәкістан қақтығыс кезінде алты үнді ұшағын атып түсіргенін мәлімдеді, ал Үндістан бес пәкістандық жойғышты жойғанын алға тартты.

Моди сөзінде су ресурстарын да атап өтіп, «қан мен су бірге ағуы мүмкін емес» деді. Бұл — Үндістанның өзен суларын Пәкістанға ағызуды шектеу жоспарына меңзеуі. Исламабад мұндай қадамды «соғыс әрекеті» деп бағалайтынын ескерткен.

Сондай-ақ, Моди заңсыз миграцияға қарсы «жоғары деңгейлі демографиялық миссия» басталатынын хабарлады. Ол Үндістанға көрші елдерден, әсіресе Бангладештен заңсыз мұсылман көші-қоны ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіреді деп санайды.

Пәкістан Модидің соңғы мәлімдемелеріне әзірге ресми жауап берген жоқ.