Алматыдағы түзеу мекемелерінде адвокаттардың тыйым салынған заттарды жеткізу әрекеті әшкереленді, деп хабарлайды Juzmedia.kz ІІМ-не сілтеме жасап.
Алматы қаласы бойынша ҚАЖ департаментінің №72 мекемесінде алаяқтық бойынша күдіктіге телефон беру әрекеті рентген құрылғысы арқылы тексеру кезінде анықталған. Тыйым салынған зат адвокаттың сөмкесінен табылып, кездесу өткізілмеген. Қазір оны жауапқа тарту мәселесі қарастырылуда.
ҚАЖ департаментінің мәліметінше, тек 2024 жылы адвокаттардың қатысуымен осындай 4 дерек тіркелген. Биылғы алты айда жалпы 12 жағдай болған.
2025 жылғы ақпанда да бір адвокат тергеу изоляторында қорғауындағы адамға екі телефон бермек болған, бірақ заттар тәркіленіп, сот шешімімен ол әкімшілік жауапқа тартылған.
Жыл басынан бері ҚАЖ мекемелеріне 422 телефонды алып кіру әрекеті тоқтатылып, 150-ден астам адам жауапқа тартылған. Оның ішінде адвокаттар мен қоғамдық қорғаушылар да бар. Қылмыстық жауапкершілікке төрт адам тартылған.
ІІМ ҚАЖ комитеті бұл әрекеттер адвокат мамандығына деген сенімге нұқсан келтіретінін айтып, Республикалық адвокаттар алқасына өткізу режимін бұзғандарға қатысты қатаң шара қолдануды, тіпті кәсіби лицензиядан айыру мәселесін қарауды ұсынды.