homepage
Фото: ашық дереккөзден

Павлодарда 1,6 млрд теңгенің вейпі мен темекісі жойылды

15.08.2025, 16:01

Павлодарда «Заң мен тәртіп» бағыты аясында жалпы құны 1,6 миллиард теңгеден асатын 90 мыңнан астам вейп пен 122 мың акциздік маркасыз темекі өнімі жойылды деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Акцияны Павлодар облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті прокуратура және қала әкімдігімен бірлесіп өткізді. Мақсат – зиянды өнімдердің заңсыз айналымына тосқауыл қою және жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау.

Шараға қоғам өкілдері, депутаттар, ардагерлер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен белсенді жастар қатысты.

Қаржылық мониторинг агенттігінің дерегінше, 2025 жылдың басынан бері:

  • 57 вейптің заңсыз айналымы анықталды;

  • 1 миллионнан астам өнім тәркіленіп, жойылды;

  • жалпы құны 12 млрд теңгеден асты;

  • 13 іс бойынша айыптау үкімдері шықты.

Вейптер негізінен мессенджерлер мен курьерлік қызметтер арқылы сатылып, қаржы дроптар арқылы өткізілген. Құқық қорғаушылардың айтуынша, қаскүнемдер көбіне жастарды, соның ішінде кәмелетке толмаған оқушыларды нысанаға алады.