Енді блогерлер Youtube пен TikTok-тан тапқан табысы үшін салық төлеуі қажет. Бірақ бұған ютуберлер қауымдастығының да қосары бар. Жаңа өзгеріс енді ғана қалыптасып келе жатқан қазақ тілді нарыққа ауыр, сондықтан көп дүниені ескеру керек деп есептейді олар.
Қандай өзгеріс енгізілді?
Енді қазақстандықтар YouTube, TikTok тәрізді интернет-платформалардан тапқан табыстың 10%-ын жеке табыс салығы ретінде төлеу керек. Бұл жайлы қаржы министрі Мәди Тәкиев ресми түрде мәлімдеді. Әзірге бұл нақты емес, өзгеріс тек келесі жылдан бастап ресми түрде күшіне енеді.
Erbol Seilkhan Live арнасының авторы, блогер Ербол Сейілхан жаңа өзгерістерді орындағанда YouTube төлем жүйесінің басқа екенін ескеру деп есептейді.
«Меніңше, YouTube-та контент жасаушылар ашықтыққа қарсы емес, салық төлеуден де қашпайды. Бірақ басқа платформалармен салыстырғанда, YouTube-тің төлем жүйесінің ерекшелігін ескеру қажет... Табыстың тең жартысын YouTube-тің өзі алып қалады. Видеохостинг америкалық компанияға тиесілі болғандықтан, ұсталған қаржыдан АҚШ бюджетіне салық төленеді. Енді мұхит асып келген доллардан біз де бюджетке береміз. Қысқасы, екі мемлекетке салық төлеуге мәжбүрміз, мұны да талқылау қажет секілді», - деп жазды ол фейсбуктегі парақшасына.
«Теңізге тамған тамшыдай ғана»
Сейілханның сөзінше, қазақ тілді контент жасаушылар әрдайым ашық және ойын ережесіне де келіседі. Бірақ қазақша контентке төленетін қаражат соншалықты көп емес екенін ұмытпау керек .
«Біздің қорқатынымыз – «шаш ал десе, бас алып», өз күшімен қалыптасып келе жатқан жүйені сырттан ереже ойлап тауып, сындырып тастамауы. Біз бірлесе ереже құруға, эко-орта жасауға дайынбыз. Тек «сен YouTube-тан тапқан 100 долларды жасырдың» деп қыспаққа алмай, салық жүйесін тиімді әрі әділ етсек. Себебі қазақша контентке YouTube төлейтін қаржы мүлдем аз. Теңізге тамған тамшыдай ғана», - дейді Ербол Сейілхан.
Ол қазақ ютуберлеріне арнасын ЖК немесе ЖШС ретінде заңдастыруды ұсынды. Соның салығын төлеп, заңдастырған дұрыс деген пікірін айтады. Қазақ тілді ютуберлер атынан бұл мәселені талқылауға дайын екенін жеткізді.
«Бастысы – қазақ тілді ютуберлер қауымдастығы бұл мәселені талқылауға, салыққа қатысты ұсыныстарын айтуға, бірігіп шешім іздеуге дайын. Құзырлы органдар YouTube контент жасаушыларын ереже әзірлеу процесіне қосқаны жөн деп ойлаймын», - дейді ютюбер.
Әріптесінің ойымен Youtube producer Жанасыл Болатбек те келіседі. Оның сөзінше, жаңа өзгеріс дұрыс, бірақ оны екі тарап болып, бірігіп жүзеге асыру керек.
«Негізі бастама дұрыс. Тек өздігімен қалыптасқан дүниені бүлдіріп алмайтын, керісінше дамытатын ереже жасап берсе. Дұрысы бірге жасасақ», - дейді ол.