Бүгін Жапония Екінші дүниежүзілік соғыстағы тізе бүккеніне 80 жыл толуын атап өтіп, соғыстың қасіретін еске алу және бейбітшілікті сақтау туралы үндеу жасады. Ел билігі жастардың тарихи жадының әлсіреуіне алаңдап отыр деп хабарлайды juzmedia.kz Associated Press-ке сілтеме жасап.
Токиодағы ұлттық рәсімде император, премьер-министр Сигэру Исиба және 4,5 мыңға жуық ресми өкілдер мен соғыс құрбандарының туыстары түскі 12-де бір минут үнсіздікпен соғыс кезінде қаза тапқан 3 миллионнан астам жапонды еске алды.
Исиба өз сөзінде соғысты «қателік» деп атап, жапон халқын өткеннен сабақ алуға шақырды. «Біз соғыстың қасіретін ешқашан қайталамаймыз. Бұл сабақ пен өкініш біздің жүрегімізде мәңгі сақталуы тиіс», – деді ол.
Алайда ел ішінде соғыс тарихын қайта қарауға тырысатын ревизионистік көзқарастар да бар. Жапон саяси сахнасындағы кейбір оңшыл саясаткерлер даулы Ясукуни ғибадатханасына барып, соғыс қылмыскерлеріне тағзым етті. Бұл қадам көршілес Қытай мен Корея елдерінің наразылығын тудырып келеді.
Жапонияда соғыс жылдарын көрген буын азайып бара жатқандықтан, тарихи шындықты келесі ұрпаққа қалай жеткізу керектігі — өткір мәселе болып отыр. Соңғы жылдары кей саясаткерлер Окинавадағы бейбіт тұрғындардың қырғыны мен Нанкин қырғынына Жапонияның қатысын жоққа шығарып, дау тудырған.