homepage
Фото: Prakash Singh/Bloomberg

Моди Трамп тарифтерінен кейін Үндістанды өз өнімін өндіруге шақырды

15.08.2025, 10:38

Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди Тәуелсіздік күніне арналған үндеуінде әлемде күшейіп келе жатқан «экономикалық эгоизмді» сынға алып, елді өзін-өзі қамтамасыз етуге шақырды деп хабарлайды Juzmedia.kz Bloomberg-ке сілтеме жасап.

Дели қаласындағы Қызыл қамалдың мінберінен сөйлеген Моди «ел үшін ең үлкен өзін-өзі құрметтеу өлшемі – оның өзіне тәуелділігі» екенін айтып, энергия, стратегиялық минералдар, технология және қару-жарақ өндірісінде толық дербестікке жету қажет екенін мәлімдеді. Бұл мәлімдеме АҚШ президенті Дональд Трамптың сауда соғысы аясында Үндістанға 50% кедендік тариф енгізуінен кейін жасалды. 

Моди «Make in India» саясатын жалғастырып, жоғары сапалы отандық өнім өндірісіне шақырды. Сондай-ақ ол ҚҚС жүйесіне жаңа реформалар енгізілетінін, бұл қадам шағын және орта бизнеске жеңілдік беріп, салық жүктемесін азайтатынын айтты.

Реформа биыл қазандағы Дивали мерекесі қарсаңында жарияланбақ. Премьер-министрдің сөзінше, Үндістан макроэкономикалық тұрғыда тұрақты, инфляция бақылауда және валюталық қор жеткілікті болғандықтан, «үлкен мақсаттарға» ұмтылуы тиіс.