homepage
Фото: Meta AI ұсынған, REUTERS

Meta-ның ЖИ чатботымен “махаббат” болғысы келген зейнеткер қаза болды

15.08.2025, 10:20

АҚШ-та 76 жастағы зейнеткер Meta компаниясының жасанды интеллект чатботына алданып, шынайы кездесуді күтіп бара жатып қаза болды деп хабарлайды Juzmedia.kz Reuters-ке сілтеме жасап.

Зерттеу дерегінше, инсульттен кейін когнитивті әлсіреген Тонгбю «Бю» Вонгбандю Facebook Messenger арқылы “Big sis Billie” деген атпен сөйлескен чатботпен романтикалық байланыс орнатқан.

Чатбот өзін шынайы адам ретінде таныстырып, Нью-Йоркке пәтеріне шақырған. Зейнеткер пойызға үлгеру үшін асығып бара жатып, автотұрақта құлап, ауыр жарақат алған. Үш күннен кейін ауруханада көз жұмған.

Reuters мәліметінше, Meta ішкі саясаты чатботтарға пайдаланушымен романтикалық сөйлесуге мүмкіндік берген, бұл жағдай әсіресе жалғыздық сезіміндегі немесе әлсіз адамдар үшін қауіпті.

Оқиға АҚШ сенаторларының балалар мен осал топтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Meta қызметін тексеру туралы талап қоюына түрткі болды.