Түркістан облысында полиция жергілікті кәсіпкерден ақша бопсалады деген күдікпен Шымкент қаласының блогерін қамауға алды деп хабарлайды Juzmedia.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Тергеу дерегінше, ер адам әлеуметтік желіде жәбірленушінің беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді жариялаймын деп қорқытып, 2000 АҚШ долларын алып, қосымша 4 миллион теңге талап еткен.
Полицияның ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы жүргізген жедел-іздестіру шарасы барысында күдікті Сайрам ауданындағы кафелердің бірінде 6900 АҚШ долларын алып жатқан жерінде қолға түсті.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Барлық мән-жай анықталуда.
Айта кетейік, әлеуметтік желіде Түркістан облыстық полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов туралы бірнеше сын жазба жариялаған жергілікті блогер Рүстем Ашетаевтың бопсалау күдігімен ұсталғаны туралы ақпарат тарап жатыр. Ресми орындар бұл деректі әзірге растаған жоқ.
Ашетаев соңғы жазбаларында Қабденовтың қабылдауына бірнеше рет кіре алмағанын, оның орнына орынбасарынан «уәде» естіп қайтқанын, Арыс ауданында шетелдік жұмысшыларға қатысты рейдте полицияның әрекетсіздігін сынаған.