Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынның қарындасы Ким Ё Чжон Пхеньян ешқашан насихаттық дауысзорайтқыштарды алып тастамағанын және алдағы уақытта да алмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Ким Ё Чжон Оңтүстік Кореяның Пхеньян бейбіт ұсыныстарға жауап беріп жатыр деген үмітін «бос қиял» деп атады. Сондай-ақ ол Оңтүстік Корея мен АҚШ-тың бірлескен әскери оқу-жаттығуларына енгізілген өзгерістерді «бекер әрекет» деп бағалап, бұл олардың Солтүстікке деген жаулық көзқарасын өзгертпейтінін айтты. Оның сөзінше, Сеулдің Солтүстікке қатысты саясаты ешқашан өзгермеген және өзгермейді.
Бұған дейін Оңтүстік Корея әскері Солтүстік Корея шекарадағы бірнеше дауысзорайтқышты бөлшектей бастағанын хабарлаған еді. Ал Пхеньян бұл деректі жоққа шығарды.
Ким Ё Чжон сонымен бірге АҚШ-пен диалогқа бару жоспарлары жоқ екенін, мұндай мүмкіндік туралы хабарлардың «жалған» екенін мәлімдеді.