Қаржылық мониторинг агенттігі есірткіні өткізу және есірткіден түскен кірістерді заңдастыруға қатысты ақша қозғалысын қадағалау нәтижесінде 25 млрд теңгеден астам айналымы бар 50 онлайн-наркошоптың қызметін әшкереледі деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Барлық транзакциялар бойынша мәліметтер ІІМ, ҰҚК және прокуратураға берілген. Бір мезгілде онлайн-дүкендер арқылы есірткі сатып алған 40 мыңға жуық адам анықталды.
Сондай-ақ алдын алу мақсатында қаржы реттеушілерімен бірлесіп дроп карталарды тану тетігі енгізіліп, 20 мыңнан астам карта бұғатталған. Банктер 8 мың клиентпен іскерлік қатынастарын үзді, ал есірткіден түскен 2 млрд теңгеден астам қаражат шоттарда тоқтатылды.
Жалпы есірткі саудасына қатысы бар 3 мыңнан астам криптоәмиян анықталып, 11,5 млн АҚШ доллары көлемінде қаражат бұғатталған. Есірткіден түскен кірісті заңдастыруға пайдаланылған 130 заңсыз криптоайырбастау орны жойылып, 64 қылмыстық іс қозғалды.
ТМД елдерінде 50-ден астам жергілікті дүкен мен 20 ірі жеткізушінің қызметі тоқтатылды. Соңғы бір жарым жылда есірткінің заңсыз айналымына қатысты 225 дерек анықталып, 118 кг-нан астам есірткі мен психотроптық зат, 217 мың дана тыйым салынған препарат тәркіленді. Жыл басынан бері халықаралық пошта арқылы жеткізілетін 4 арна жабылды.