БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Израиль мен Ресей қарулы және қауіпсіздік күштерінің жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттеріне қатысты алаңдаушылық білдіріп, бұл елдер келесі жылы күдікті тараптар тізіміне енгізілуі мүмкін екенін мәлімдеді деп хабарлайды Juzmedia.kz Reuters-ке сілтеме жасап.
Гутерриштің БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне жолдаған жыл сайынғы есебінде Израиль мен Ресей әскери құрылымдары тарапынан жыныс мүшесіне зақым келтіру, тұтқындарды ұзақ уақыт жалаңаш ұстау, қорлау мақсатындағы тінту сияқты зорлық үлгілері туралы сенімді ақпарат бар екені айтылған.
Израильдің БҰҰ жанындағы елшісі Дэнни Данон бұл айыптауларды негізсіз деп атап, БҰҰ-ны Хамастың соғыс қылмыстары мен жыныстық зорлық-зомбылық әрекеттеріне назар аударуға шақырды.
Есепте Хамас та қақтығыста жүйелі түрде жыныстық зорлық-зомбылық жасағаны үшін күдікке ілінген топтар тізіміне енгізілген. Ұйым өкілі Басем Наим бұл айыптауларды толықтай жоққа шығарып, Израиль билігін Газа халқына қарсы қылмыстарын жасыруға тырысты деп айыптады.
Гутерриш Ресей қарулы күштері мен одақтас топтары украиналық әскери тұтқындарға қатысты зорлық-зомбылық жасағаны жөнінде де сенімді деректер барын айтты. Бұл әрекеттер Украина мен Ресей аумағындағы ресми және бейресми абақтыларда тіркелген.
Есепке сәйкес, электр тоғымен азаптау, соққы, күйік салу және қорлау мақсатында жалаңаш ұстау сияқты әдістер қолданылған.