Солтүстік Қазақстан облысында 38,5 миллион теңге көлемінде шығын келтірген интернет-алаяқтық деректеріне қатысы бар 19–24 жастағы бес күдікті ұсталды деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Полиция мәліметінше, Мағжан Жұмабаев ауданы Булаев қаласында ұсталғандардың бірі — Аққайың ауданының 21 жастағы тұрғыны — халықаралық интернет-алаяқтық желісіне қатысы бар ұйымдасқан қылмыстық топты құрған деген күдікке ілінді. Ол төрт адамның әрекетін үйлестіріп, қылмыстық жолмен түскен қаражатты аудару және қолма-қол алу үшін банк шоттары мен төлем карталарын пайдаланатын адамдарды тартқан.
Тергеу кезінде олардың еліміздің әр өңірінде жасалған сегіз интернет-алаяқтық дерегіне қатысы бар екені анықталды. Қазір күдіктілердің өзге де қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.
Облыстық полиция департаменті бұл істі ерекше бақылауда ұстап отыр.