Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Халықаралық таеквондо федерациясының (WT) президенті Чунгвон Чоумен кездесті. Келіссөз барысында тараптар Қазақстанда таеквондо спортын дамыту, тәжірибе алмасу және серіктестікті кеңейту мәселелерін талқылады деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Кездесу елордада өтетін Kazakhstan Open 2025 халықаралық турнирі қарсаңында ұйымдастырылды. Бұл жарыс G-1 санатына жатады және еліміздегі таеквондо бағытының дамуындағы маңызды кезеңдердің бірі ретінде қарастырылып отыр. Турнирге кадеттер, жасөспірімдер және ересектер санатындағы 750-ден астам спортшы қатысады деп күтілуде.
Ресми мәліметке сәйкес, турнир Қазақстанның 2026 жылғы Гран-при финалы мен 2027 жылғы әлем чемпионатын өткізуге дайындығын көрсетуге мүмкіндік береді. Гран-при финалын өткізу құқығы Қазақстанға берілген, ал әлем чемпионатын өткізуге өтінім беру жоспарланып отыр.