homepage
Фото: Қорғаныс министрлігі

Тікұшақ апатынан қаза тапқан үш ұшқыштың денесі табылды

12.08.2025, 14:59

2025 жылғы 10–12 тамыз аралығында су астындағы іздестіру барысында апатқа ұшыраған тікұшақ экипажының барлық үш мүшесінің денесі табылды. Олар – майор Нұржігіт Үйсінбаев, капитан Бақтияр Ержігітов және капитан Аман Амангелді, деп хабарлайды Juzmedia.kz Қорғаныс министрлігіне  сілтеме жасап.

Майор Нұржігіт Үйсінбаев 930 сағаттық ұшу тәжірибесі бар, тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасар қызметін атқарған. 1-сыныпты ұшқыш ретінде жоғары кәсіби шеберлігімен танылған. Капитан Бақтияр Ержігітов те 1-сыныпты маман саналады. Оның жалпы ұшу уақыты – 300 сағат. Капитан Аман Амангелді EC-145 тікұшағында 295 сағат ұшқан, қиын метеожағдайларда ұшуға машықтанған тәжірибелі ұшқыш болған.

Үшеуі де Әуе қорғанысы күштері әскери институтының түлектері. Әріптестері олардың адами қасиеті мен кәсіби адалдығын ерекше атап өтуде.

Қазір апаттың себебін анықтау бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр. Ал теңіз акваториясын зерттеу және тікұшақ бөлшектерін шығару жұмыстары тоқтаған жоқ. Министрлік қаза тапқандардың отбасына көмек көрсетілетінін хабарлады.

Айта кетейік, 25 шілде күні Қорғаныс министрлігіне қарасты Әуе қорғанысы күштерінің EC-145 тікұшағы жоспарлы ұшу кезінде радардан жоғалып кеткен болатын. 
Ал ертесі күні Ғарыштық мониторинг нәтижесінде Сорбұлақ көлінің бетінде майлы дақ байқалған. Осы аумаққа дереу шыққан құтқарушылар тікұшақ бөлшектеріне ұқсас элементтерді анықтаған.