АҚШ президенті Дональд Трамп ел астанасынан үйсіздерді шығарып, қылмыскерлерді түрмеге жабуға уәде берді деп хабарлайды Juzmedia.kz Reuters-ке сілтеме жасап.
Ақ үй әкімшілігі Вашингтонға жүздеген Ұлттық гвардия сарбазын тартуға дайындалып жатыр. Бұл – Трамптың бұған дейін Лос-Анджелесте қолданған, жергілікті билікке қарамастан жүзеге асырылған даулы әдісі. Бірақ әлі нақты шешім қабылданған жоқ.
Truth Social платформасында Трамп: “Үйсіздер дереу көшірілуі керек. Біз оларға тұратын орын береміз, бірақ астанадан алыс жерден. Ал қылмыскерлер түрмеге барады”, – деп жазды. Алайда Ақ үй оның бұл әрекеттерін қандай заңмен негіздейтініне түсініктеме бермеді.
Вашингтонда 3 782 адам үйсіз. Олардың көбі баспанада немесе өтпелі үйлерде тұрады. Ақ үй мәліметінше, президент әкімшілігіне жасалған шабуылдан кейін қалада 450 федералды қызметкер жұмылдырылған. Сонымен бірге заңсыз қару алып жүру, құжатсыз көлік жүргізу, мотошеруге қатысты тергеу жүргізілген.
Вашингтон мэрі Мюриэл Баузер қылмыс деңгейі былтырмен салыстырғанда 26%-ға азайғанын айтты. Оның сөзінше, Трамп 2023 жылғы жағдайды алға тартып отыр, ал қазір астанада зорлық-зомбылық 30 жылдағы ең төмен деңгейге түскен.