homepage
Фото: REUTERS/Ajeng Dinar Ulfiana

Австралия БҰҰ-да Палестинаны мемлекет ретінде ресми танитынын мәлімдеді

11.08.2025, 11:27

2025 жылдың қыркүйегінде өтетін БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясында Австралия Палестинаны тәуелсіз мемлекет ретінде ресми танитынын жариялады. Бұл туралы елдің премьер-министрі Энтони Албанезе дүйсенбі күні мәлімдеді деп хабарлайды Juzmedia.kz Reuters агенттігіне сілтеме жасап.

Албанезенің айтуынша, бұл шешім — Газа секторында атысты тоқтатып, кепілдегі адамдарды босатуға, сондай-ақ Таяу Шығыста екі мемлекет негізіндегі бейбіт шешімге жетуге халықаралық қауымдастықты итермелеу жолындағы Австралияның үлесі. Ол бұл қадам Палестина автономиясы берген бірқатар кепілдемеге байланысты қабылданғанын атап өтті. Атап айтқанда, болашақ палестиналық мемлекетті басқаруға ХАМАС ұйымы қатыспайтынына сендірілген.

«Екі мемлекет шешімі — Таяу Шығыстағы зорлық-зомбылық шеңберін бұзудың, Газа секторындағы қақтығысты, аштық пен адам шығынын тоқтатудың ең үмітті жолы», — деді Албанезе Канберрада өткен баспасөз мәслихатында.

Премьер-министр сондай-ақ өткен аптада Израиль премьері Биньямин Нетаньяхумен сөйлескенін, оған «саяси шешім қажет екенін, әскери жол нәтиже бермейтінін» айтқанын жеткізді. Австралия Израильдің Газаға тікелей әскери бақылау орнату жоспарын ашық сынап, осы шешімін Нетаньяхудың халықаралық құқық пен этикалық нормаларды елемеуінен кейін жедел қабылдауға мәжбүр болғанын мәлімдеді.

«Нетаньяху үкіметі заңсыз қоныстарды кеңейтіп, Палестинаны аннексиялауға ұмтылып, болашақ палестиналық мемлекетті ашық түрде жоққа шығару арқылы екі мемлекет шешімінің мүмкіндігін жойып жатыр», — делінген Албанезе мен Сыртқы істер министрі Пенни Вонгтың бірлескен мәлімдемесінде.

Палестина автономиясы басқару жүйесін реформалап, қарулы топтарды таратып, жалпы сайлау өткізуді мойнына алған. Сонымен қатар Араб елдері лигасы ХАМАС-ты Газа билігінен кетуге шақырып отыр. Албанезенің айтуынша, бұл жағдай ХАМАС-ты оқшаулап, бейбіт шешімге жол ашуы мүмкін.

Пенни Вонг АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Марко Рубионы Австралияның бұл шешімімен таныстырған. Ал АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп пен сенатор Рубио бұған дейін Канаданың осындай шешімін сынап, Францияның әрекетін «жауапсыз қадам» деп бағалаған болатын.

Израильдің Австралиядағы елшісі Амир Маймон бұл шешімді Х платформасында сынап, «Израильдің қауіпсіздігіне қауіп төндіріп, кепілге алынғандар туралы келіссөздерге нұқсан келтіреді» деді.

Айта кетейік, өткен айда Австралия билігі Палестинаны тану мерзімін нақтыламаған еді. Ел ішінде бұл мәселеге қатысты пікір екіге жарылғандықтан, үкімет бұған дейін абай қадам жасап келген.

Шілде айында Сиднейдегі Харбор көпірінде он мыңдаған адам жиналып, Газа халқына гуманитарлық көмек жеткізуді талап еткен болатын. Албанезе дүйсенбі күні «Газа секторындағы гуманитарлық апатқа тек халықаралық емес, австралиялық қоғам да қатты алаңдап отыр» деді.

Жаңа Зеландия билігі де Палестинаны тану мәселесін осы айда қарауға уәде берген.

Еске салайық, 2023 жылғы 7 қазанда ХАМАС жасағы Израиль шекарасына басып кіріп, 1200 адамды өлтіріп, 251 адамды кепілге алған. Осыдан кейін басталған әскери операция салдарынан, Газа денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 60 мыңнан астам адам қаза тапқан. Аймақтың көп бөлігі жермен-жексен болған. Аштық жайлаған.

Халықаралық ұйымдар Израиль гуманитарлық көмекті әдейі бөгеп отыр дейді. Израиль бұл айыптауларды жоққа шығарып, халықтың аштыққа ұшырауына ХАМАС-ты кінәлап отыр.