2025 жылдың алғашқы алты айында ірі қара мен жылқы саны айтарлықтай артты. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, сиыр 8,8 млн, ал жылқы 4,7 млн басқа жеткен деп хабарлайды Juzmedia.kz Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.
Жарты жылдың ішінде сиыр саны 16,3%-ға, ал жылқы саны 4,7%-ға өскен. Бұзау алу көрсеткіші 17,5%-ға артып, 2,7 млн-ға жетсе, 1 млн-нан аса құлын алынған. Ұсақ мал саны 21,5 млн басқа жетіп, қозы алу 4,8%-ға артты. Жалпы ет өндірісі 1,5%-ға өсіп, 529,9 мың тонна болды.
Министрлік тірі малды сыртқа шығаруға тыйым салынғанын еске салды. Қазіргі кезде ірі қара мен ұсақ малдың аналығын 10 қазанға дейін шекарадан шығаруға болмайды. Ал бұқаларды әкетуге 2025 жылдың 15 тамызына дейін шектеу қойылған. Бұл мерзім 30 қазанға дейін ұзартылады деп жоспарланған.
Шектеулерге қарамастан, ет экспорты күрт өскен. 2025 жылдың қаңтар–мамырында сиыр еті экспорты 12,3 мың тоннаға жетіп, екі жарым есе артқан. Қой еті экспорты да 9,2 мың тоннаға көбейіп, 2,6 есе өсті.