homepage
Фото: REUTERS

Еуропа Трамп пен Путин кездесуі алдында Украина мүддесін қорғауды талап етті

10.08.2025, 10:05

Еуропа елдерінің көшбасшылары АҚШ президенті Дональд Трамптың Ресей президенті Владимир Путинмен Украинадағы соғысты тоқтату жөнінде кездесуге дайындық жоспарын құптады. Сондай-ақ Мәскеуге қысымды сақтап, Украина мен Еуропаның қауіпсіздік мүдделерін қорғау қажет деген талап қойды деп хабарлайды Juzmedia.kz Reuters-ке сілтеме жасап.

Трамп жұма күні Аляскада Путинмен кездесуді жоспарлап отыр. Оның айтуынша, келіссөзге Украина президенті Владимир Зеленский де қатысуы мүмкін, өйткені тараптар үш жарым жылға созылған соғысты шешуге жақындаған.

Ақ үй әзірге Путиннің өтініші бойынша екіжақты кездесу ұйымдастыруға дайындалып жатыр, бірақ Трамп үшжақты саммит өткізуге де қарсы емес екенін жеткізді.

Ал сенбі күні АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс Ұлыбритания сыртқы істер министрі Дэвид Ламми және Украина мен Еуропа елдерінің өкілдерімен Лондон маңындағы Чивнинг-Хаус резиденциясында кездесті.

Франция, Италия, Германия, Польша, Ұлыбритания және Финляндия көшбасшылары мен Еуропалық комиссия төрағасы бірігіп, Украинаға берілетін сенімді қауіпсіздік кепілдіктерінің маңызды екенін, Украина қатыспаса, бейбітшілік туралы әңгіме болмауы тиіс деп бірлескен мәлімдеме жасады. Олар халықаралық шекаралар күшпен өзгертілмеуі керек, дегенмен келіссөздер қазіргі майдан сызығынан басталуы мүмкін екенін жеткізді. Келіссөздер тек атысты тоқтатып немесе ұрыс қимылдарын азайтқан жағдайда ғана өтуі тиіс.

Украина президентінің кеңсесі атысты тоқтату қажеттігін мойындағанымен, майдан шебін ресми шекара деп мойындамайтынын мәлімдеді. Зеленскийдің аппарат басшысы Андрей Ермак Ресейге аумақтық жеңілдіктер беруден бас тартатынын қайталап, АҚШ вице-президентіне барлық көзқарасты құрметтегені үшін алғыс айтты.

Еуропалық тараптар атысты тоқтатуды басты шарт деп отыр. The Wall Street Journal дерегінше, бұл ұсыныс кез келген аумақ алмасуды өзара және нақты қауіпсіздік кепілдіктерімен ғана жүзеге асыруды көздейді.

Чивнингтегі бірнеше сағаттық келіссөздер Трамптың соғысты тоқтату мақсатына едәуір жақындағаны айтылды. Ұлыбритания премьер-министрі Киер Стармер мен Франция президенті Эммануэль Макрон да Украинаға әділ және ұзақ мерзімді бейбітшілік орнату үшін Зеленскийге үздіксіз қолдау көрсетуге дайын екенін білдіріп, Трамптың бастамасын құптады.

Соңғы күндері Зеленский одақтастарымен бірнеше рет телефон арқылы сөйлесті. Бұндай байланыстар әсіресе Трамптың өкілі Стив Уиткофтың Мәскеуге сапарынан кейін жиілей түсті. Киев пен Еуропалық одақ Путинге тым көп жеңілдік беретін кез келген ұсынысқа қарсы екенін айтады.

Ал Ресей болса, Луганск, Донецк, Запорожье және Херсон облыстарын, сондай-ақ 2014 жылы аннексиялаған Қырымды өз аумағы деп жариялағанымен, бұл өңірлердің барлығын толық бақылауда ұстамайды және Украина әскерін ол жерден шығаруды талап етеді.