homepage
REUTERS/Jorge Silva/Архив

Трамп пен Путин 15 тамызда Аляскада Украинадағы соғысты тоқтату жолын талқылайды

09.08.2025, 17:00

АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путин 15 тамызда Аляскада кездеседі. Мақсат – Украинадағы соғысты тоқтатуға бағытталған келіссөз жүргізу. Трамп келісімде аумақ алмасу мүмкіндігі барын айтты, бірақ Украина президенті Владимир Зеленский жер бермейміз деп кесіп айтты, деп хабарлайды Juzmedia.kz Reuters-ке сілтеме жасап.

Зеленский Украина конституциясы аумақ беруге тыйым салатынын атап өтті. «Украин жерін оккупантқа сыйламаймыз», – деді ол. Сондай-ақ, Украинаны айналып өтіп қабылданған кез келген шешімді «бейбітшілікке қарсы» деп атады.

Ал Кремль саммит өтетінін растады. Путиннің көмекшісі Юрий Ушаков кездесу ұзақ мерзімді бейбіт келісім нұсқаларын талқылауға арналатынын айтты.

Bloomberg мәліметінше, АҚШ пен Ресей Мәскеудің басып алған аумақтарын бекітетін келісім жобасын талқылап жатыр. Жоспар бойынша Ресей Херсон мен Запорожье облыстарындағы шабуылды қазіргі шепте тоқтатады. Ақ үй бұл ақпаратты «жорамал» деп атады. 

Путин Луганск, Донецк, Запорожье, Херсон және 2014 жылы қосып алған Қырымды Ресей жері деп санайды, бірақ бұл аумақтардың бәрін толық бақылауда ұстамайды.

АҚШ-тың бұрынғы дипломаты Тайсон Баркер Украина шарттарынан айнымауы керек екенін және америкалық қолдауға ризашылығын білдіруі маңызды екенін айтты.

Польша премьер-министрі Дональд Туск қақтығысты уақытша тоқтату мүмкіндігіне үміт барын айтты. Оның сөзінше, Зеленский «өте сақ, бірақ оптимист» және Украина бітім жоспарын Польша мен өзге де еуропалық елдермен бірге дайындауды қалайды.