Жамбыл облысында балаларды заңсыз ұстап, оларға зорлық-зомбылық көрсеткен деген күдікпен ер адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Істі ішкі істер министрі Ержан Сәденов жеке бақылауына алды деп хабарлайды Juzmedia.kz.
МВД дерегінше, Талас ауданында балаларды күштеп ұстап, ұрып-соғып, аш қалдырып, мал бақтыруға және қайыр сұратуға мәжбүрлеген. Қазіргі уақытта олар Тараздағы Балаларға қолдау көрсету орталығына орналастырылған.
Оқиғаға байланысты жергілікті полиция қызметкерлеріне қатысты қызметтік тексеру басталды. Министрлік балаларға жасалатын кез келген зорлық-зомбылыққа жол берілмейтінін және кінәлілер заңның қатаң талабымен жазаланатынын мәлімдеді.