Әзербайжан мен Армения жұма күні АҚШ президенті Дональд Трамптың делдалдығымен бейбіт келісімге қол қойды. Құжат екі елдің ондаған жылға созылған қақтығыстан кейін экономикалық байланыстарын нығайтып, қарым-қатынастарын толық қалыпқа келтіруге жол ашады деп хабарлайды Juzmedia.kz Reuters-ке сілтеме жасап.
Ақ үйдегі қол қою рәсімінде Трамп екі елдің 35 жыл бойы соғысқанын, енді дос болып, ұзақ уақыт бейбіт өмір сүретінін мәлімдеді. Құжатқа сәйкес, тараптар әскери қимылдарды толық тоқтатып, дипломатиялық байланыс орнатуға және бір-бірінің аумақтық тұтастығын құрметтеуге міндеттелді.
Сондай-ақ, АҚШ-қа Оңтүстік Кавказ арқылы өтетін стратегиялық транзиттік дәлізді игеруде ерекше құқық беріледі. Ақ үйдің дерегінше, бұл бастама аймақтан энергия мен өзге де ресурстар экспортын арттыруға мүмкіндік береді.
Келісім шеңберінде АҚШ әр елмен жеке-жеке энергетика, сауда және технология, соның ішінде жасанды интеллект саласында ынтымақтастықты кеңейту туралы қосымша құжаттарға қол қойды. Әзербайжан мен АҚШ арасындағы қорғаныс саласындағы шектеулер алынып тасталды.
Армения мен Әзербайжан басшылары Трамптың қақтығысты тоқтатудағы рөліне алғыс айтып, оны Нобель бейбітшілік сыйлығына ұсынатынын жеткізді.