Қытайдың Чэнду қаласында өтіп жатқан XII Дүниежүзілік ойындарында каратэден жерлесіміз Мөлдір Жаңбырбай 50 келі салмақта финалға шығып, күміс медаль жеңіп алды деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Әлем чемпионы саналатын спортшы финалда ирандық Сара Бахманиермен күш сынасып, негізгі уақыт 0:0 есебімен аяқталды. Алайда төрешілер шешімімен жеңіс қарсыласына берілді. Бұған дейін ол 1/2 финалда хорватиялық екі дүркін Еуропа чемпионы Ема Сгарделлиді 3:2 есебімен ұтқан.
Мөлдір Жаңбырбай жарыс жолында 21 жасқа дейінгі әлем чемпионы Силия Уикенді (Алжир) – 4:0, 2022 жылғы Дүниежүзілік ойындарының күміс жүлдегері Йоргелис Салазарды (Венесуэла) – 3:0 есебімен тізе бүктірді.
Жарыс тарихында Қазақстан бұған дейін тек 2009 және 2022 жылдары ғана жүлдеге қол жеткізген.