homepage
Фото: juzmedia.kz

Мұхтар Мағауиннің топырағы туған жеріне жеткізілді

08.08.2025, 19:05

Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы, зерттеуші Мұхтар Мағауиннің топырағы туған жері — Абай облысындағы Шұбартау өңіріне жеткізілді. Қаламгердің ұлы Едіге Мағауин Америка Құрама Штаттарындағы зират басынан алынған топырақты Көпбейіт аталған қорымға апарып қойды. Бұл қорымда жазушының ата-бабасы жерленген, олардың қатарында Абай заманында өмір сүрген үлкен атасы Құрымбай ақсақал да бар.

Шұбартау — Мұхтар Мағауиннің кіндік қаны тамған жер. Қаламгер шығармаларында бұл өңірдің табиғаты мен адамдары, тарихи тағдыры кеңінен суреттелген.

Жазушының ұлы Едіге Мағауиннің айтуынша, қазақтың дәстүрі мен ата-бабаға құрмет көрсету салтына сай, жер мен аруақ арасындағы байланысты сақтау ұрпақтар сабақтастығының бір бөлігі. 

"Бұл — әкеміздің дүниеге келген Босаға деп аталатын жер. Көпбейіт дейді. Осы жерде неше атамыздың сүйегі жатыр. Қазір әкеміздің Вашингтондағы зиратынан, жатқан жерінен топырақ алып әкелдік.

Қазақ дәстүрі бойынша, өзінің әкесі, үлкен әкесі Мағауия атамыздың, оның әкесі Құрымбай атамыздың және әкемізді тәрбиелеген Орынбасар шешеміздің қабірлеріне әкеміздің жатқан жерінен топырақты әкеліп салдық. Осы жерден де топырақ алып, Вашингтондағы әкеміздің жатқан жеріне даланың жусанымен бірге қояйық деп отырмыз", - дейді ол.

Ол мұны тек жеке аманаттың орындалуы ғана емес, дәстүр жалғастығы деп бағалайды. 

Едіге Мағауин қазір әкесінің қолжазбалары мен жеке архиві Вашингтондағы отбасылық үйде сақталғанын айтты. Жазушының көзі тірісінде дайындаған 27 томдық шығармалар жинағының 26 томы жарық көрген. Қалған еңбектері мен күнделіктері толық сақтаулы және болашақта зерттеліп, жарияланбақ.

"Ол кісі өмірінің соңғы жылдарында жазған еңбектеріне ерекше мән берді. Әр күніне есеп беріп, өз-өзіне міндет жүктеп отырды. Бұл жазбалар менің бақылауымда, әрі қарай жүйелеу жұмыстары жүргізіледі. Алдағы уақытта әкем тұрған үйді Мағауин орталығына, мұражайға айналдыруды жоспарлап отырмыз.

Әкем соңғы сәтінде өміріне риза боп кетті. Өмірі өте күрделі болғанын айтты. Бірақ Жаратқанның өзіне жүктеген міндетін абыроймен атқарып кеткеніне толық сеніп, қайтқан кезде де ел-жұртының болашағына сеніп кетті.

Ол кісінің ең негізгі мұрасы - жазған еңбектері. Ол кісі тар заманда жасады, отаршылдықтың уақытында тура келді. Қазақ өзінің кім екенін ұмытпасын деген оймен көмескі тартып, аты ұмытылған, сөзі өшкен бабаларымыздың өсиетін жаңғыртып кейінгі ұрпаққа табыстап кетті ," — деді Едіге Мағауин.

Орайлы оқиғаға жалғас, Мұхтар Мағауиннің өмірден өткеніне бір жыл толуына орай жазушының туған жері — бұрынғы Шұбартау, қазіргі Баршатас ауылында ас беріліп, оған жазушының туыстары мен әріптестері, ел ішіндегі зиялы қауым өкілдері қатысты.

Жиынға "Qasym баспа үйінің" негізін қалаушы Ерлан Әшім, кәсіпкерлер Саяхат Әшімхан мен Саят Өмірбеков, журналист Қуанышбек Қари, Жамали Дихан және басқа да қаламгерлер мен жергілікті азаматтар жиналды. Ас беру рәсімі барысында жазушының өмір жолы мен еңбектері туралы естеліктер айтылып, оның шығармашылық мұрасын сақтау және насихаттау жайы сөз болды.

Айта кетелік,Мұхтар Мағауин кеңестік кезеңде де, тәуелсіздік алғаннан кейін де қазақтың әдеби, тарихи жадына қатысты күрделі тақырыптарды зерттеп, бірнеше томдық ғылыми және көркем еңбектер жариялаған. Ол ХV–ХХ ғасырлар аралығындағы тарихи кезеңдерді, қазақтың ауыз әдебиеті мен эпостық дәстүрін, отарлық кезеңнің ықпалын терең қарастырған.

Қаламгер 1940 жылы 2 ақпанда қазіргі Абай облысы Баршатас ауылында дүниеге келген. Ол — қазақ әдебиетінің тарихы мен фольклорін зерттеуге, тарихи романдар жазуға елеулі үлес қосқан тұлға. Еңбектері арасында "Аласапыран", "Шақан шері", "Сары қазақ", "Қобыз сарыны", "Бір атаның балалары" сынды туындылар бар.

2000 жылдардың басында ол Қазақстаннан кетіп, отбасымен бірге АҚШ-қа қоныс аударды. 2025 жылы 10 қаңтарда (АҚШ уақытымен 9 қаңтарда) 85-ке қараған шағында АҚШ-тың Мэриленд штатында дүниеден өтті. Жазушы Вашингтон маңындағы Parklawn Memorial зиратына жерленді.

Арнайы Juzmedia үшін Ая ӨМІРТАЙ