Самар ауданында жер қатынастары бөлімінің басшысы аудан әкімі аппаратының ресми сайтында бос жер туралы расталмаған мәлімет жариялағаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды. Сот 117 960 теңге айыппұл салды деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Прокуратура тексерісінде сайтта бос шабындық 180,34 га, жайылым 30,62 га деп көрсетілсе, «Азаматтарға арналған үкімет» ШҚО филиалының дерегі бойынша сұралған учаскеде шабындық 193,4 га, жайылым 30,0 га болғаны анықталды.
Осы факті бойынша ӘҚБтК-нің 456-2-бабы 1-бөлігімен (мемлекеттік органның жалған ақпарат таратуы) іс қозғалды. 2025 жылғы 25 маусымда Самар ауданы соты бөлім басшысын кінәлі деп танып, айыппұл тағайындады.
Прокуратураның мәліметінше, бұл – республикада мемлекеттік органның интернет-ресурсында жалған ақпарат орналастырғаны үшін лауазымды тұлғаны дәл осы баппен жауапқа тартудың әзірге жалғыз фактісі.