Шымкентте «Аяла Голд» атты қаржы пирамидасының қызметі әшкереленді. Күдіктілер зергерлік бұйымдар сататын компания ретінде жасырынып, азаматтарға ай сайын 50–60% табыс уәде еткен деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Тергеу дерегінше, төлемдер нақты пайдадан емес, жаңа қатысушылардың ақшасынан төленген. 400-ден астам салымшы 1 млрд теңгеден астам қаражат салған. Күдіктілер бұл ақшаның бір бөлігіне салынып жатқан тұрғын үй кешенінен екі пәтер сатып алған, оған сот тыйым салды.
Сондай-ақ олар туыстарын «дроппер» ретінде пайдаланып, басқа салымшылардан түскен қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырған.
Қаржы пирамиданың ұйымдастырушысы екі айға қамауға алынды. Тергеу мүддесіне байланысты басқа деректер жария етілмейді.