Қытайдың Чэнду қаласында XII Дүниежүзілік ойындардың ресми ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Juzmedia.kz Спортты дамыту дирекциясына сілтеме жасап.
Қазақстан құрамасы бұл жарысқа 1993 жылдан бері қатысып келеді. Осы уақыт ішінде ел спортшылары 6 алтын, 4 күміс және 7 қола жүлде жеңіп алған. Ең жоғары көрсеткіш 2022 жылы АҚШ-тың Бирмингем қаласында тіркеліп, бір алтын, екі күміс және бір қола медаль иеленген болатын.
Биылғы ойындарда 34 спорт түрі бойынша 253 медаль сарапқа салынады. 7–17 тамыз аралығында өтетін додаға 114 елден 4 мыңға жуық спортшы қатысады. Қазақстан сапынан 8 спорт түрінен рекордтық 31 спортшы бақ сынамақ. Олар WKF каратэ, муайтай, джиу-джитсу, самбоның спорттық және жауынгерлік түрлері, құзға өрмелеу, садақ ату, спорттық акробатика және ушудан жүлдеге таласады.