Қазақстан Қарулы күштері Әскери-теңіз күштері тарихында алғаш рет запастағы офицерлер үшін оқу-жаттығу жиыны ұйымдастырылды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Жиынға Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің әскери-теңіз кафедрасын тәмамдаған 30 әскери міндетті тартылды. Олар штурмандық қамтамасыз ету, радиобайланыс жүйелері, дизель-энергетикалық құрылғыларды пайдалану мен жөндеу салалары бойынша маман болып саналады.
Дайындық теория мен тәжірибені қамтиды: әскери корабльдерде өткен практикалық сабақтарға тәжірибелі офицерлер мен бөлім командирлері қатысқан. Жаттығулар барысында штурман ісі, зымыран-артиллерия мен суасты қарулары, сондай-ақ байланыс пен автоматтандырылған басқару жүйелері пысықталды.
Әскери-теңіз күштері бас штабының өкілі Ермек Ғазизовтың айтуынша, жиынның мақсаты — запастағы офицерлердің машығын жетілдіру, кәсіби дайындықты қалпына келтіру және ұрысқа жақын жағдайда әрекет етуге дағдыландыру. Жиынды сәтті аяқтағандарға заңнамаға сәйкес кезекті әскери атақтар беріледі.