homepage
Фото: CHARLY TRIBALLEAU / East News

Трамптың өкілі Путинге уақытша бітім мен санкциядан бас тарту ұсынысын жеткізген

07.08.2025, 18:10

АҚШ президенті Дональд Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф пен Ресей президенті Владимир Путиннің Мәскеудегі кездесуі кезінде Вашингтон ресейлік тарапқа Украинадағы соғысқа қатысты жаңа бітім шартын ұсынды. Бұл туралы juzmedia.kz Onet.pl басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Польша порталының жазуынша, ұсыныс Трамп әкімшілігінің Еуропа одағындағы әріптестерімен келісе отырып жасаған жоспарына негізделген. Онда Украинамен ресми бейбіт келісім емес, тек уақытша бітім қарастырылған. Бұдан бөлек, Ресейдің басып алған аумақтарының мәртебесі 49 немесе 99 жылға кейінге шегерілуі мүмкін.

Құжатта Ресейге салынған санкцияларды жеңілдету және кейін энергетикалық ынтымақтастықты қалпына келтіру қарастырылған. Алайда НАТО-ның кеңеюін тоқтату туралы талап орындалмайды және Украинаға әскери көмек беруді тоқтату да көзделмеген. Дегенмен бұл шарттарға Мәскеу келісуі ықтимал деп көрсетілген.

Onet мәліметінше, егер Мәскеу бұл ұсынысты қабылдамаса, Трамп 8 тамыздан бастап ресейлік мұнай мен газ сатып алатын елдерге де санкция салатынын ескерткен. Бұл – Ресей экономикасына ауыр соққы болмақ.

Ақпарат көзінің жазуынша, келісім орын алса, Путин соғысты тоқтатып, бастапқы мақсатына жете алмаған күйі шегінуге мәжбүр болады. Ал Трамп өз кезегінде Ресейге елеулі жеңілдіктер береді. Сайып келгенде, бұл – ядролық қақтығыстың алдын алу үшін ұсынылған келісім үлгісі.