Созақ ауданының таулы аймағында қарасора мен көкнар өсірілген ірі плантация анықталып, мыңнан астам есірткі заты тәркіленді деп хабарлайды Juzmedia.kz Polisia.kz мәліметіне сүйеніп.
«Қарасора–2025» жедел-профилактикалық шарасы аясында жүргізілген рейд кезінде Қызылорда облысының екі тұрғыны мен Шымкент қаласының бір тұрғыны ұсталды. Олар арнайы күтіп-баптап өсірген 900-ден астам қарасора мен 260-қа жуық көкнар түбі табылған. Сонымен бірге тіркелмеген аңшы мылтығы да тәркіленген.
Сараптама нәтижесіне сәйкес, алынған есірткі өсімдіктерінің жалпы салмағы 700 келіге жуық. Қазір бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, күдіктілер қамауға алынды.