Ұлттық банк қазақстандықтарды банк картасы арқылы жасалатын алаяқтықтың жаңа түрі — «дропперлік схемалардан» сақ болуға шақырды. Соңғы уақытта мұндай қылмыс түрі елде жиілей түсті деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Алаяқтар ең алдымен әлеуметтік желі мен мессенджер арқылы жастар мен зейнеткерлерді көздейді. Олар карта ашып, оның деректерін берсеңіз, еш қиындықсыз пайда табуға болады деп сендіреді. Осылайша жәбірленушіден картасының нөмірін, жарамдылық мерзімін, CVV/CVC кодын және бағдарламаға кіретін құпиясөзді алдап сұрап алады.
Ал бұл деректер алаяқтарға ұрланған қаражатты сол карта арқылы заңсыз аударып, шешіп алуға мүмкіндік береді. Осылайша карта иесі қылмыстық әрекетке қатысушы ретінде жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Ұлттық банк азаматтарға мынаны ескертеді:
– карта деректерін ешкімге бермеңіз;
– «жеңіл ақша табасың» деген уәдеге сенбеңіз;
– картаңызды жоғалтып алсаңыз, дереу бұғаттаңыз;
– күмәнді ұсыныс түссе, бірден құқық қорғау органдарына жүгініңіз.
Кез келген сұрақ бойынша 1477 нөміріне хабарласуға болады.