2025–2026 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру гранттарының иегерлері белгілі болды. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, биылғы конкурсқа 113 мыңға жуық өтініш қабылданған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 9 мыңға көп деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Гранттардың 60 пайызы инженерлік және техникалық мамандықтарға бөлінген. Жалпы мемлекеттік тапсырыстың 99 пайызы игерілді. «Серпін» бағдарламасына сұраныс жоғары – 2 мыңнан астам талапкер елдің солтүстік, шығыс және орталық өңірлеріндегі жоғары оқу орындарына түсті.
Барлығы 77 мыңнан астам грант тағайындалды. Олардың ішінде әлеуметтік осал санаттағы жастарға арналған квоталар мен халықаралық олимпиадалар мен спорт жарыстарының жеңімпаздарына берілетін гранттар бар. Биыл алғаш рет мерзімді әскери қызметін өткеріп жатқан азаматтарға 2 010 грант қарастырылды.
Министрлік жоғары білімге қолжетімділікті арттыру үшін «Келешек» бірыңғай жинақтау жүйесін енгізіп отыр. Бұл бастама арқылы 5 жасар балаларға арнайы есепшот ашылып, болашақ білім шығындары алдын ала жинақталады. Жүйе мемлекеттік сыйақы мен қаржы ұйымдарының үстемесін де қарастырады. Жиналған қаражатты «Ұлттық қор – балаларға» жобасымен біріктіруге болады.
Сонымен қатар, оқуға жұмсалатын шығынды студент пен мемлекет бірлесіп төлейтін «сараланған грант» жүйесі іске қосылды. Биыл оның саны 300-ге жетіп, конкурс қыркүйекте өтеді.
Грант иегерлерінің тізімі министрліктің ресми ресурстарында жарияланған. Грант туралы куәліктер үш жұмыс күні ішінде grant.testcenter.kz сайтында қолжетімді болады. Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау 25 тамызға дейін жалғасады.