homepage
Фото: РҒА Біртұтас геофизикалық қызметінің Камчатка филиалы

Ключевской жанартауы 12 шақырым биіктікке күл шашты

07.08.2025, 11:05

Камчаткадағы Ключевской жанартауы 7 тамызда бұрын-соңды болмаған қарқынмен атқылап, күл бағанасы теңіз деңгейінен 12 шақырым биіктікке дейін көтерілді. Бұл туралы Ресей ғылым академиясының Біртұтас геофизикалық қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Жанартаудың мұндай биіктікке дейін күл шашуы халықаралық авиация үшін қауіп төндіретінін ескертеді мамандар. Осыған байланысты «қызыл» код деңгейі жарияланып, аймақта ұшуға шектеулер енгізілді.

Мамандардың айтуынша, атқылау нәтижесінде лаваның қар мен мұздықтармен жанасуы салдарынан фреатикалық жарылыстар тіркелген. Бұл күлдің тағы 8 шақырымға дейін көтерілуіне себеп болған.

Сонымен қатар, лава ағындары таудан төмен түсіп, ыстық лай мен тас ағынын — лахарларды туындатқан. Бұл Петропавловск-Камчатский мен Усть-Камчатск арасындағы федералдық жолды су басу қаупін тудырып отыр.