homepage
Фото: foto-planeta.com

СҚО-да 15,9 млн теңгені жымқырған бөлім басшысы 8 жылға сотталды

07.08.2025, 10:51

Солтүстік Қазақстан облысында Тайынша аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы 15,9 млн теңге бюджет қаржысын жымқырғаны үшін 8 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Juzmedia.kz облыстық прокуратураға сілтеме жасап.

Тексеру барысында бөлім басшысының әлеуметтік маңызы бар нысандарды жылумен қамтамасыз етуге арналған құрылғыны сатып алуға қатысты жалған келісімшарт жасағаны анықталған. Ол бұл мақсатқа нақты сатып алу жасамай, жалған құжат арқылы кәсіпкермен келісімге келеді. Кәсіпкер оның заңсыз әрекеттерінен хабарсыз болған.

2024 жылғы 6 шілдеде аудан прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы (бюджет қаражатын аса ірі көлемде иемдену немесе ысырап ету) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру бастады.

2025 жылғы 30 маусымда Тайынша аудандық соты айыпталушыны кінәлі деп танып, оған өмір бойы мемлекеттік және квазимемлекеттік қызметтерде лауазым атқаруға тыйым сала отырып, 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.