Сирия жаңа үкіметтің бастамасымен шетелдік компаниялармен жалпы құны 14 миллиард доллар болатын ірі жобаларға келісім жасады. Бұл туралы Al Jazeera хабарлады, деп жазады Juzmedia.kz.
Ең ірі жоба — Дамаск әуежайын қайта салу. Құны 4 миллиард доллар, инвесторы — Катардың UCC Holding компаниясы. Сонымен қатар БАӘ ұлттық инвестициялық корпорациясы Дамаск қаласына метро жүргізуге 2 миллиард доллар құятын болды. Италияның UBAKO компаниясы да 2 миллиард долларлық «Damascus Towers» биік кешенін салмақ.
Бұдан бөлек, Дамаск қаласында Baramkeh Towers және Baramkeh Mall жобаларына да жүздеген миллион доллар бөлінеді. Жаңа үкімет бұл келісімдерді соғыстан қираған елді қалпына келтірудің алғашқы нақты қадамы деп отыр.
Жалпы, халықаралық санкциялар алынғаннан кейін Сирияға шетелдік қаржы қайта келе бастады. Бұған дейін Сауд Арабиясы, БАӘ және Түркия компаниялары да түрлі салаға инвестиция салуға келіскен. БҰҰ есебі бойынша, елді толық қалпына келтіруге кемінде 400 миллиард доллар қажет.