2027 жылдан бастап мемлекет міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне аударатын жарна мөлшерін біртіндеп арттыра бастайды. Бұл өзгеріс азаматтардың өз жарнасына әсер етпейді, деп хабарлайды Juzmedia.kz Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Министрлік өкілі Ләззат Шоманованың айтуынша, үкімет 2015 жылғы заңда белгіленген бастапқы қаржылық модельге қайта оралмақ. Ол кезде мемлекеттің жарнасы 7 пайыз деп белгіленген болатын. Қазір бұл көрсеткіш тек 2 пайызды құрап отыр.
Жаңа жоспарға сай, мемлекеттің жарнасы 2037 жылға дейін кезең-кезеңімен 4,7 пайызға дейін көтеріледі. Бұл медициналық сақтандыру қорына қосымша 2,8 триллион теңге тартуға мүмкіндік береді. Мамандардың айтуынша, бұл қаржы халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын және қолжетімділігін арттыруға бағытталады.