homepage
Фото: Сауда және интеграция министрлігі

Өскеменде қауіпті шәйнектер сатылымнан алынды

06.08.2025, 15:31

Өскемендегі дүкеннен қауіпті деп танылған 81 электр шәйнек саудадан алынды. VITEK VT-1122 TR маркалы бұл шәйнектердің қуаты рұқсат етілген мөлшерден айтарлықтай ауытқып кеткені анықталған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Шағым түскен соң, Техникалық реттеу комитеті дүкеннен бір шәйнекті сатып алып, зертханаға жіберген. Сынақ нәтижесі шәйнектің қуаты тым әлсіз екенін көрсеткен. Мұндай ауытқу электр құрылғысын пайдаланған адам үшін қауіпті болуы мүмкін.

Осыдан кейін «Технодом» дүкендер желісі бұл шәйнектерді барлық сөрелерден алып тастады. Сондай-ақ жеткізушіге бұл тауарды әкелуді тоқтату туралы талап қойылды.

Техникалық регламент талаптарына сай келмейтін тауарларды саудалағаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 415-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген.

Жаза ретінде жеке тұлғаларға – 90, лауазымды тұлғаларға немесе шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 195, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 310, ал ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 600 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салынады.