Алматыда блогер Эммануэлла Наурызбаеваны көшеде тоқтатып, дінге қарсы әрекет жасады деп айыптаған ер адам 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Ол қызды «шайтансың» деп тілдеген деп хабарлайды Juzmedia.kz NewTimes.kz агенттігіне сілтеме жасап.
Оқиға блогер қыздың өз видеосын жариялауынан кейін қоғамда қызу талқыға түсті. Белгісіз ер адам оған көшеде келіп, «исламды қаралайсың» деп тиісіп, дін атын жамылып моральдық қысым көрсеткен. Эммануэлла бұл оқиғадан соң полицияға арыз жазып, нәтижесінде ер адам сот шешімімен қамауға алынған.
«Бұл оқиға Қазақстанда заңның нақты, әділетті және жедел жұмыс істейтінін көрсетті. Әйелдерге тіл тигізуді, жеке шекарасын бұзуды қалыпты нәрсе деп санайтындар өз әрекетінің салдарын ойлансын. Біз зайырлы мемлекетте тұрамыз, заң бар, ол әр азаматты қорғайды», – деді блогер өз мәлімдемесінде.
Бұл — соңғы аптада Наурызбаеваға қатысты тіркелген екінші оқиға. Бұған дейін Ақтөбедегі «Нұрғасыр» мешітінде белгісіз ер адам блогерге интимдік қатынасқа негізделген «бір реттік некеге» ұсыныс жасап, кейін 5 тәулікке қамалған еді.
Аталған видеодан кейін Эммануэлла әлеуметтік желілерде жаппай хейтке ұшыраған. Дегенмен, оны қолдап шыққандар да аз емес: волейболшы Сабина Алтынбекова мен продюсер Баян Алагөзова блогерге ашық қолдау білдірді.